Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстанның жас суретшілері халықаралық байқауда топ жарды

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінің жас қылқалам шеберлері Мәскеуде өткен "Халық ертегілері - балалардың көзімен" атты IV Халықаралық сурет байқауына қатысып, топ жарды.

Солтүстік Қазақстанның жас суретшілері халықаралық байқауда топ жарды

Сайыста Петропавл  көркемөнер лицейінің екі оқушысы ел намысын абыроймен қорғап, 5000 үміткердің арасынан бірінші орынды жеңіп алды. Олардың бірі Арина Сафонова  8 жасынан бастап сурет салумен айналысады. Бұған дейін облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрсе, бұл жолы халықаралық сайысқа өз туындыларын бірінші рет ұсыныпты. Қазылар алқасы Аринаның еңбегін жоғары бағалап,  бас бәйгеге лайық деп тапқан. Ол өз шығармасына қытай халқының "Судың тамшылап аққанынан қорыққан жолбарыс" ертегісін арқау етіпті.

Ал, Варвара Хлюпина небәрі 6 жаста.  Ол байқаудың ең жас қатысушысы ретінде "Ханзада мен бақа" ертегісіне арнаған туындысын ұсынған.

«Солтүстікқазақстандық оқушылар бұл байқауға екінші рет қатысты. Былтыр Сербия ертегілері негізінде жап-жақсы туындылар салған болатын», дейді  «ЮНЕСКО клубы» көркемөнер лицейінің директоры Инна  Рипачева.

Жеткіншектерді белгілі қылқалам шебері Зураб Церетели марапаттап, ақ батасын беріпті.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.